21 Қазан 2026, Сәрсенбі 10 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:42
Бесін 12:04
Екінті 15:24
Шам 17:15
Құптан 18:41

Сабыр етушілердің «неткен керемет құл» деп мақталуы

Сабыр етушілердің «неткен керемет құл» деп мақталуы

Алла Тағала «Сад» сүресінің 44-аятында Әйуб пайғамбарды мақтап: «Біз оның, шынымен де, өте сабырлы екенін анық көрдік. Ол қандай керемет құл еді! Ол Раббысына үнемі жан-тәнімен бет алатын өте тәубешіл жан еді», – деді.


Сабыр етпейтіндердің «қасіретке ұшыраушы» деп сипатталуы

Алла Тағала «Аср» сүресінде: «Ғасырға серт! Шынында, адам баласы зиян ішінде. Тек иман келтіргендердің, соған сай (өздерін һәм бүкіл қоғамды түзеуге бағытталған) игілікті істер атқаратындардың, бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың және бір-бірін сабырға шақыратындардың жөні бөлек», – деп сабырлы адамдардан өзгесін «зиян ішінде» деп сипаттады.

Сабыр етушілер «амал дәптері» оң жағынан берілетіндерден болуы

Алла Тағала «Бәләд» сүресінің 17-18 аятында: «Содан соң шынайы түрде иман келтіріп, бірін-бірі сабырлы болуға және мейірімді болуға шақырып, игі кеңес беретіндерден болу. Міне, солар амал дәптерлері оң жағынан берілетін бақытты жандар», – деді.

«Сабыр» басқа да ұлы амалдарға серік ретінде берілген қасиет

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 45-аятында: «Сабыр ету әрі намаз оқу арқылы жәрдем сұраңдар» деп, сабырды намазға серік етті. Ал «Һуд» сүресінің 11-аятында: «Алайда сабыр етіп, игі істер атқарғандардың жөні бөлек» деп, сабырды жаппай игі істердің қатарына қосты.

«Юсуф» сүресінің 90-аятында: «Кімде-кім тақуалық қылса әрі басына түскен тауқыметке сабырлылық танытса, Алла ондай ізгі жандардың сауабын әсте зая етпейді» деп сабырды тақуалыққа жолдас етті.

«Ибраһим» сүресінің 5-аятында: «Міне, осында сабырлылық танытатын, үнемі шүкіршілік айтатын әрбір жан үшін қаншама ғибрат пен айқын дәлелдер бар» деп, сабырды шүкірге серік етті.

Ал «Аср» сүресінде: «Бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың және бір-бірін сабырға шақыратындардың жөні бөлек» деп, сабырды ақиқатпен бірге айтып өтті.

Жоғарыда айтып өткен «Бәләд» сүресінің 17-18 аятында: «Содан соң шынайы түрде иман келтіріп, бірін-бірі сабырлы болуға және мейірімді болуға шақырып, игі кеңес беретіндерден болу», – деп, сабырды мейірімділікпен серік етті.

«Сәжде» сүресінің 24-аятында: «Олар барынша сабырлылық танытқан әрі аяттарымызға қалтқысыз сенген кездерінде араларынан ел-жұртты Біздің пәрменіміз һәм нұсқауымызбен тура жолға бастайтын көсемдер шығарған едік», – деп, Алла Тағала сабырды яқин иманға (Аллаға қалтқысыз сену) серік етті.

«Ахзаб» сүресінің 35-аятында: «Шыншыл ерлер мен шыншыл әйелдер; сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер», – деп, Алла Тағала сабырды шыншылдыққа жолдас етті.

Сабыр етушілердің Алланың махаббатына бөленуі

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабырлы жандарды жақсы көреді» деді. Бұл аят сабыр етудің абзалдығы жөнінде айтылған аяттың ең ұлысы деп те айтуға болады. Алла Тағала баршамызды көркем сабыр етушілердің қатарынан қылғай!

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,

ummet.kz