29 Қазан 2026, Бейсенбі 18 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 05:28
Күн 06:56
Бесін 12:03
Шам 16:59
Құптан 18:27

Арамыз қанша ұзақ болса да, сағынышты басуға бір салауат жеткілікті

Арамыз қанша ұзақ болса да, сағынышты басуға бір салауат жеткілікті

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне деген мейірімділігі мен сүйіспеншілігі ерекше. Мейірімнің қаһарманы Пайғамбарымыз дүниеге келе салысымен «Үмбетім, үмбетім» деген.


Ешбір жанға нәсіп болмаған Миғраж оқиғасында Алла одан қалаған тілегін сұрағанда, «Үмбетім, үмбетім» деген.
Төсек тартып жатқанында қасына келген Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға:

— Уа, Расулалла! Аспан әлемі сен үшін дайындалды, періштелер қатарға тұрып келуіңізді қалайды. Жұмақтың есіктері сен үшін ашылды. Жұмақ сен үшін дайындалды, — дейді.

Пайғамбарымыз мұңайып, айтылғандарға еш қуанбайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілге:

— Басқа сүйіншің бар ма? — деп сұрайды.

Жәбірейіл:

— Уа, Расулалла, бәрі келуіңізді күтуде. Жұмақ сіз үшін дайын, басқа қандай сүйінші берейік? — дейді.

Сонда Расулалла:

— Үмбетімнен бір хабар бер маған, мен жоқта олар не болмақ? — дейді.

Жәбірейіл Алла Тағаланың құзырына барып, қайта оралады:

— Үмбетіңнің жүзде отызы аман қалады, — дейді.

Пайғамбарымыз көзіне жас алып, Жәбірейілге (а.с.):

— Тағы сүйінші бер, — дейді.

Жәбірейіл Алла Тағаланың құзырына тағы да барып қайтады да:

— Үмбетіңнің жартысы аман қалады, — дейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтадан көзіне жас алып:

— Тағы сүйінші хабар айт, — дейді.
Жәбірейіл қайтадан Алланың құзырына барып қайтады да:
— Уа, Расулалла! Саған тәуелді болғандар, Алладан басқа жаратушы жоқ дейтіндер, сүннеттеріңді әрдайым орындайтын үмбетіңнің барлығы аман қалады», – дейді.

Оның үмбетіне қамқор болғаны соншалықты – тек өз замандастарын ғана емес, қиямет күніне дейінгі барлық үмбеті үшін уайымдаған. Ол түні бойы таңның атуына дейін үмбеті үшін дұға тілеп Жаратушыға жалбарынған. Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолын жайып: «Я, Алла, үмбетімді қорғай көр», – деп дұға етіп жылап отырған уақытта, Ұлы Алла Жәбірейілге айтады: «Уа, Жәбірейіл! Шынында, Раббың бәрін біледі, бірақ сен барып Мұхаммедтен не үшін жылап отырғанын сұра», – дейді. Жәбірейіл сұрағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбеті үшін жылап отырғанын айтты. Жәбірейіл Алла Тағалаға барып жағдайды айтты. Ұлы Алла Жәбірейілге: «Алла елшісіне барып былай айт: «Уа, Мұхаммед! Біз сені риза етеміз, ренжітпейміз, үмбетің үшін мұңайма», – дейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрдайым үмбетін уайымдап, бір сәтке болсын ұмытпаған, олар үшін көз жасын төгіп, қайғыланған.

Алла Тағала Пайғамбарымыздың үмбетіне деген құштарлығын былай баяндаған: «Сендерге өз араларыңнан (яғни, араларыңда туып өскен) хақ пайғамбар келді. (Оның сендерге жанашырлығы соншалық – азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын), тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (болғандықтан сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді). Ол мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят).

(Уа, Мұхаммед!) Сен (сондай қиын шақта) Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дерекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылардың бәрі сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле, сондай-ақ олармен әр істе кеңесіп отыр. Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді. («Әли Имран», 159).

(Уа, Мұхаммед!) Байқауымызша, сен егер ол мүшріктер бұл сөзге (яғни, Құранға) сенбесе, олардың соңынан уайым шегіп, өзіңмен-өзің таусыла жаздайсың («Кәһф», 6; «Шуғара», 3).

Пайғамбарымыздың үмбетіне деген құштарлығы үшін Алла Тағала оған «Рауф Рахим» деген. Алла Тағала оған дейін келген пайғамбарлардың ешбіреуіне өзінің есімін беріп, сипаттамаған.

Әзірет Айшадан: «Алла Расулының ахлағы қандай еді?» – деп сұрағанда, ол: «Оның ахлағы – Құранның дәл өзі», – деп жауап береді.

Пайғамбарымыздың үмбетіне қамқорлығы бір әкенің баласына жасаған қамқорлығындай еді, тіпті одан да мықты еді. Пайғамбарымыз өмірінің әр кезеңінде «үмбетім» деп күйіп-жанған. Мейірімді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны былай баяндаған: «Күмәнсіз, мен сендерге бір әкенің баласына қарағанындай қараймын» (Әбу Дәуіт, Тахарат, 4.).

Алла расулы мүміндерге нәпсілерінен де жақын әрі артық. Өйткені ол оларды қорғап, қолдайды. Мүміндерді осы дүниеде де, ақыретте де мейіріміне бөлейді. Біз нәпсіміздің кесірінен жамандыққа ұшырап жатамыз, алайда пайғамбардан әрқашан жақсылық, мейірімділік, жанашырлық көрдік және арғы дүниеде де көреміз.

материал «Сырға толы салауат» кітабынан алынды,

ummet.kz