09 Шілде 2026, Бейсенбі 24 Мұхаррам 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:06
Бесін 12:25
Екінті 17:57
Шам 20:33
Құптан 22:24

Түшкірген кезде «рас екен» дейді. Осы хадисте бар ма?

Түшкірген кезде «рас екен» дейді. Осы хадисте бар ма?

Сахаба Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: 

«Кімде-кім әңгіме айтып жатқан кезінде қасындағы адам түшкірсе, демек ол рас айтады».

Осы хадисті келтірген Имам ән-Нәуәуи: "Хадисті жеткізуші риуаятшылардың бәрі сенімді. Тек арасында Бақияту ибн әл-Уәлид деген кісі жайында мамандар әртүрлі пікірлер білдірген", - дейді (Фәтәуә әл-Имәм ән-Нәуәуи – 72-73 бет).

Хадисші ғұлама әл-Байхақи (994-1066 ж.) аталмыш хадисті «мүнкәр» деп, хадисті қабыл етпеді. Ал, Табарани (873-970 ж.) өзінің «әл-Әусат» атты хадистер жинағында әлгі хадиске «әлсіз» деп баға берген (Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12913 –хадис). Ойдан шығарылған хадис дейтіндер де жоқ емес.

Сондай-ақ, Табаранидің (р.а.) әлгіндегі кітабындағы сахаба Әнәстән жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сөздің ең дұрысы - қасындағы адам түшкірген кезде айтылған сөз» (Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12914 –хадис) - деген екен. Хадисші әл-Һәйсәми бұл риуаят жайында: "Хадисті риуаят етуші кісілердің арасында «Ъумарату ибн Зәзән» атты адам бар. Бұл кісі әлсіз, қалған риуаятшылар сенімді", - дейді.

Қорытындылай келе айтарымыз, Ислам дінінде ақиқат нақты дәлелдермен белгілі болады. Оны Құран тілімен айтқанда «Бурһан» дейміз. Нақтылық жоқ жерде күмән, жорамал, болжам бар. Құранда: «Күмән ақиқаттың жанында түк емес» ("Юнус" сүресі, 36-аят) - делінген.

Сондықтан, айтылған сөздің растығына жету үшін әлдекімнің түшкіруі жеткіліксіз. Жоғарыдағы келтірілген хадистер бұл мәселеге нақты дәлел бола алмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

материал «Замана тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz