19
Жұма,
Сәуір

һижри

Зайырлылық ұғымы тарқатылды

Ел іші

Ақтөбе облысында ҚР Бас прокуратурасының бастамасыменмемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында келген ауқымдыжұмыс тобы құрамында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30-дан аса маманы бар.

«Нұр Ғасыр» орталық мешітінде ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов пен ҚМДБ аппаратының жетекшісі Ғалымбек Мәжиев семинар өткізді, деп жазады «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газеті.

«Дін және мемлекет» тақырыбында өткен семинарға облыс орталығы мен аудандардағы мешіт имамдары қатысты.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне зайырлы қоғамдағы дін мәселесі мен жалпықоғамға ортақ ұғым-түсініктер турасында түсіндіріп өтті. «Біздің мемлекетіміз – зайырлы мемлекет. Имамдардың тек діни ғана емес, зайырлылық бағыттағы біліміне де үлкен көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, көріп жүргендеріңіздей, сыртқы күштер тарапынан зайырлылыққа байланысты түрлі мәселелер төңірегінде пікірталас өрбітуге деген ұмтылыстар бар. Осы тұрғыда сақ болу керек. Мысалы, елімізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні ретінде мерекеленеді. Осыған байланысты әртүрлі пікірлер айтылды, әрине, пікірталас туындап жатқан соң, мешіт жамағаттары тарапынан да сауалдар болады. Мұндайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Пәтуа бөлімі мен басқарма жанынан құрылған Ғұламалар кеңесі тарапынан пәтуа шықпайынша, өз ұстанымдарыңызды білдіріп, қандай да бір көзқарасты қолдаушылардың жағына шықпауларыңыз керек» деді Н.Тағанұлы.

Мамандар мемлекет саясатын дұрыс түсінбеу, мемлекет пен дінді ұштастыра алмау білімсіздіктен болатынын, әдетте мұндай қателіктерге теріс ағымдағылар ұрынатынын айтып, имамдарды осы сынды мәселелерге байыппен қарауға шақырды.

Семинар соңы тақырып төңірегіндегі сауал-жауап алмасумен қорытындыланды. 

ummet.kz-ақпарат 

                                                                                                   

Бөлісу: