20
Сенбі,
Сәуір

һижри

АСТАНА: Құрбан айт қорытындысы (ФОТО)

Мешіт тынысы

Астана жұртшылығы биыл да Құрбан айт мерекесін айрықша атап өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі дініміздің қасиетті мерекелерін ұлттық реңкте және бұқаралық деңгейде ұйымдастырылуына маңыз қойып келеді.

Игі дәстүрдің жалғасы кешегі Құрбан айт күндері де мерекелік шаралардан айқын көрініс тапты.

Елорда мешіттерінде сағат 7:30-да айт намазын оқумен басталған ұлық мейрам сан алуан қайырымдылық шараларына ұласты. «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттері ауласында «Мейірімділік мекені» атауымен қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп, жиылған жұрт мерекелік ас-тағамдардан дәм тәтті.

ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы айтулы мерекенің құрметіне ұйымдастырылған игі шараларға бұқарамен бірге қатысып, жұртшылықты айт мейрамымен құттықтады. Наиб мүфти  ұлық мерекені ұлттық нақышта атап өту мақсатында өткізілген спорттық сайыстарға да қатысып, жамағатты аталмыш аламанда белсенді болуға шақырды (арқан тарту, қол күрестіру, асық ату, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру т.б.). Сайыста топ жарып, оза шапқан азаматтар мешіттің арнайы сый-сияпатына ие болды. Құрбан айт мейрамында балғын балалар мен жеткіншек жастар да назардан тыс қалмады. 200 балаға айттық-сыйлық таратылып, үлкен қаланың кішкентай тұрғындары мерекенің мол қуанышын сезінді.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің қолдауымен «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани» мешіттерінің ауласына киіз үйлер құрылып, бауырсақ, қымыз сынды мерекелік дәм ұсынылды.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтулы мерекеде бірқатар игі шараларға қатысты. «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда жұртшылығымен бірге айт намазына қатысқан бас мүфти осы күні қаладағы жетім балалар үйінде «Аялы алақан» шарасына қатысты. Бейкүнә сәбилерге сыйлықтар таратылып, бата-тілек жасалды.

«Нұр Астана» орталық мешітінде қаладағы қарттар үйінің 50 тұрғынына арнайы дастархан жайылып, «Астана филармониясы» әншілерінің қатысуымен өткен концерт көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, Астана қаласындағы қарттар үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты кездесу ұйымдастырылып,  қарияларға мерекелік дастархан жайылды. Мешіт имамдары Астана қаласындағы 166/22 және 166/10 еңбекпен түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен кездесіп,  айттық дастархан жасалып, құрбандық еттері таратылды.

Мереке күндері дін қызметкерлері №1 қалалық ауруханадағы емделушілерге де арнайы барып, айттық сый-сияпат жасады.

Ал Құрбан айт мерекесінің дәстүрлі игі шарасына айналған «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясы барысында 104 ірі қара мал құрбандық шалынды. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы құрбан шалу рәсіміне қатысып, ізгі іске атсалысушы қала тұрғындарына жайылған дастарханнан дәм татып, дұға жасады.

Биыл Астана әкімдігі құрбандық шалу үшін арнайы 8 нысан бекітті. Осы орындарда сегіз мешіттің қызметкерлері мен медресе ұстаздары, шәкірттері және "Зекет" қоры өкілдері қызмет етті. Аталмыш орындарда құрбандық шалу рәсімінің шариғат талабына сай өтуі жіті қадағаланып, құрбандық еттері қабылданды. 

Қасиетті Құрбан айтта «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық шарасы аясында  3582 отбасыға және 40-қа жуық қорлар мен мекемелерге 28 тонна құрбандық еті таратылды. 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: