23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері: Тәуелсіздік деген тәтті сый

Сұхбат

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің егемен еліміздің іргесінің бекіп, шаңырағының көтерілуіне сіңірген еңбегі зор. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында мемлекеттік маңызды істерге араласа бастаған ол Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды. Содан бері мемлекетіміздің басынан кешкен жағдайларды, халқымыздың әрбір қуанышы мен сүйінішін көз алдынан таса қылған кездері жоқ. Академик әсем Астанамыздың елорда атанған алғашқы жылдарынан бастап, осы күндерге дейінгі өмірінің, шағын шаһардан барша әлем қызығатын қалаға айналуының да куәгері. Биылғы еліміз Тәуелсіздігінің  25 жылдық мерейтойында және Астана күні тойлануына шамалы уақыт қалғанда біз Мырзатай ағамен осы тақырыптар төңірегінде сұхбаттастық. 

БАБАЛАРЫМЫЗ ӨРКЕНИЕТКЕ ҮЛЕС ҚОСТЫ

– Мырзатай аға, еліміз егемендігін алар тұста Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасынан табыл­дыңыз. Елбасының тәуел­сіздікті орнатудағы рөлі туралы талай жерде ай­тып та, жазып та жүрсіз. Де­сек те, оны өз аузыңыздан есті­сек деген тілегіміз бар.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мен егемендікті ақын болмасам да жырлап келемін. Менің жырым да, әнім де – Тәуелсіздік. Елбасына ар­налған «Бәйтерек» дейтін ән де шығардым. Оның сөзін Несіпбек Айтұлы жазды. Ілгеріректе «Мен Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін» деген сұхбатым шыққан. Шындығында да солай.
Қазақта арғы-бергі заманда небір кемеңгерлер, небір хандар, хандардың ханы

– Абылай өткен. Небір жырау­лар, жыраулардың жырауы – Бұқар өткен. Небір даналар, даналардың көсемі – Абай өткен. Небір ақындар, шешендер, батырлар өткен. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Неге дейсіз ғой? Тарих­тан біз білетін қазақ дала­сын­дағы ерлік пен дана­лықты, қайсарлықты, көсем­дікті, шешендікті үзбей келген ұлыларының бар­лығы армандаған тәуел­сіз­дікті Нұрсұлтан Назарбаев ор­натты. Мемлекет құрып, оның экономикасын қа­лып­тастырды. Бұл мем­ле­кетті әлемге танытып, мо­йындатты.

– Бүгінгі күні көпшілік тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп жүр ме? Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай? 

– Егемендіктің алдында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, жұрттың не боламыз деп, басы шыр айналған кезеңде оның ыстық-суығына көнген, со­ның рахатын да сезініп, бей­нетін де көрген адамбыз. Қазақ – данышпан, кемең­гер халық. Бірақ Абай сына­ғандай, қазақтың бір басында кемшілік те жетіп артылады. Басынан асып төгіліп жатыр десек те болады.
Тәуелсіздік алғанымызда заман тудырған небір қоз­ғалыстар пайда болды. Неше түрлі қимыл-әрекеттер болып, жұрт жиналып алып даурықты. Егемендікке жете алмай жүрдік қой, соның бәрі бізге не керек еді?

Біз азат­тықты қансыз алдық. Тәуел­сіздігімізді жарияладық.
Мен даурықпаға салған жұртты жинап алып: «Қазақ, сенің екі жарым мың жыл тарихың бар, содан бері тә­уел­­сіздікті аңсаған жоқсың ба? Осы жолда қаншама ба­тырларың, қаншама хан­дарың, қаншама кемең­гер­лерің басын тікті. Ел шетіне жау келсе, ұлтарақтай жерді қорғау үшін қазақ бір жерден табылды. Қазақтың басы қосылуы үшін оның басына қайғы түсіп, бұлт үйірілу керек пе?» дедім.

1986 жылы қазақтың басы бірігіп, жұдырықтай топтасты. Меніңше, қай жағдайда да қазақтың басы үнемі бір болуы керек. Тәуелсіздік үшін аз қан төгілген жоқ. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін бабаға арналған жырда «Мен қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым» деген жолдар да бар. Одан артық қалай айтуға болады?

Тәуелсіздік жолында қазақ­тың көрмеген қиындығы, шекпеген азабы, көрмеген қор­лығы жоқ. Мәселен, ар­ғы­сын айтпағанда, бергі үш ға­сырға жуық Ресейдің боданы болдық. Ешкімге қиянаты жоқ, кең далада бейбіт тіршілік етіп отырған халықтың арасына үрей түсті. Сол кезде қазақтың байларын, хандардың бәрін «шынжыр балақ, шұбар төс, пәлен-түлен деп» ақымақ қылды. «Қазақтың екі про­центі ғана сауатты болды» деген сөздер шықты. Ол уақыттағы биліктің сөзін өзіміз «иә, солай болдық» деп қайталадық. Бұл не деген сұмдық? Бабаларымыз мүмкін кириллицаны оқымаған шығар, алайда өзіне дейінгі, қазақпен бірге жасасып келген жазулардың барлығын меңгеріп, өркениетке үлес қосты. Қайсыбірін айтайын, Фарабиден бастап небір даналарымыз өткен. Сондықтан тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін әрбір адам түсіне жүргені абзал. «Қазақ – жылқы мінезді» деп бірде жазғаным бар. Баяғыда біздің елде Тасқасқа дейтін ат болды. Бейшараның көзіне көк шыбын үймелетіп, оны қосқа да қосады, соқаға да тіркеп, арбаға да жегеді. Арқасы әбден жауыр болған кезде Тасқасқаны бір айға бос жібереді. Бір айдан кейін Қаратаудың баурайындағы шүйгін шөпті жеп, ол есін жинайды. Сол кезде маңа­йына адам жолатпайды. Қазақ – сондай халық. Кеше­­гісін ұмытып кетеді. Аяз би атамыздың ақылды сөзін де, кеше кім болдық, қазір кім болдық, соны да ұмыт­пауымыз керек.

Әнебір жылдары мен «Жамбыл қайта тірілді» деп кішкентай бір ақын баланы қолынан жетектеп, сахнаға шығардым. «Мырзатай атам­ның алдына барып, батасын аламын» деп өзі келді. Сонда ол «Тәңірден келген тәтті сый» деп, тәуелсіздік туралы өлең оқыды. Оның дәмі аузымыздан қалай тез кетіп қалады? Өмір бойы дәмі кетпеу керек. Кеше қолымыз кісендеулі, аяғымыз байлаулы болды. Тәуелсіздік алдық, тәуелсіз ел болып, еркін сөйлей алатын болдық. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп, елдің шырқын бұзуға, ел арасындағы тыныштықты шайқауға еш­кімнің де қақысы жоқ.

АСТАНА РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛА БАСТАДЫ

– Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағ­дарламасының қадам­да­рының бірінде Астананы кәсіпкерлерді, студенттерді, зерттеушілерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орта­лығына айналдыру туралы айтылады. Сіз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры кезінде соны бастап бердіңіз. Біраз жақсы ғалымдарды, жазушыларды, жалпы шы­ғармашылық адамдарын елордаға алдырттыңыз. Бірақ әлі күнге дейін «Алматы – мәдени астана» деп айтылып жүр. Астана әлі сондай деңгейге жеткен жоқ па? Осы жөнінен пікіріңізді біле отырсақ. 

– Астана дейтін ғасырлар бойы қалыптасады. «Үй салғанды, зауыт, фабрика салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ едік, Құдай оны да өзімізге көр­сетті» деп жазғаным бар еді.
Ал, жаңа елорда са­лын­ғалы 20 жылға жетпейтін уақытта Астана қазір бүкіл Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразия кеңістігінің айнасына айналды. Бізге кішкене сабыр керек емес пе? Құдайға тәубе демейміз бе? Қазір Астана руханиятымыздың да, парасатымыздың да, сая­сатымыздың да, үлкен табыс­тарымыздың
да ордасына айналды.

Алматының қазақ интеллигенциясы мен ұлттық дәс­түрімізді қалыптастырудағы, тәуелсіздігімізді тербеген алтын бесігі ретіндегі рөлін ешқашан ұмыта алмаймыз. Оны ешкім еш ғасырда, еш мыңжылдықта кеміте алмайды. Алматы – алтын бесігіміз және керемет әдемі қала. Ұлттық ғылым академиясын қалыптастырғандардың көзі тірісінің көбісі әлі сонда жүр. Жазушылардың біразы да сонда қалды. Екі қаланы шатастыруға, шағыстыруға болмайды. Мәселен, Түркиядағы Стамбул мен Анкараның тарих­тан алатын өз орындары бар. Сондықтан Астана әкім­шілік тұрғыдан ғана емес, руха­ниятымыздың да астанасына айнала бастағанын қайтадан қайталап айтайын. Осында келіп жатқан, осында өмір сүріп отырған ғалымдар, білімпаздар, өнер қайраткерлері ешкімнің тақиясына тар келе қоймайды деп ойлаймын.

– Аға, ұлтқа сіңірген еңбегіңіз көп. Әлі де ал­ған бағытыңыздан таймай, сексеннің сеңгіріне алқынбай шығып барасыз. Алла ғұмырыңызды ұзақ етіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Астана ақшамы

Бөлісу: