17
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Ақсақалдар Рамазан дайындығын пысықтады (ФОТО)

Мешіт тынысы

Кеше «Нұр Астана» орталық мешітінің жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің кезекті жиыны өтті.

Алқалы жиынға академик, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсын Ғабиденұлы, Республикалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Амангелді Сыздықов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Кеңес төрағасы Ғарифолла Есім Астананың діни ахуалына кеңінен тоқталып, бірқатар тақырып төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Бұл кеште қайырымдылық шараларына басымдық берген Ғ.Есім Рамазан айында атқарылар қайырымдылық жұмыстары жайында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, кезекті отырыста Ақсақалдар кеңесіне жаңа қабылданған әскери қайраткер, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертайұлын таныстырды.

Кеңес мүшелері алдағы Рамазан айына байланысты ұсыныстар мен тілектерін айтып, атқарылуы тиісті шаралар тізімі жасалды. Ақсақалдар кеңесінде талқыланған маңызды шаруа – Рамазан айына орай жарияланған ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ел мұсылмандарына жолдаған Үндеуіне үн қосып, халыққа кең түрде насихаттау жұмысы. Бұдан бөлек, күні ертең «Әлжан Ана» мешіті жанындағы медресенің ашылу салтанатын өткізу жайында пікірлесті.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай Тағанұлы қасиетті айларда игі шаралар легі артатынын, оның жалғасы жыл бойына үзілместен жүргізілетінін жеткізді. «Бұл игі шаралардың барлығы халықтың ынтымақ-бірлігін нығайтып, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткізіледі. Діни басқарманың басты бағыт-бағдар да осыған үндейді. Ал асыл дініміздің негізгі үкімі де осы. Бір-бірімізге қамқор болу, мейірімділік таныту, бауырмашылдықты күшейту – біздің һәм баршамыздың негізгі міндетіміз деп білеміз» деп сөзін түйіндеді наиб мүфти.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: