29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мен бұрын ойлайтынмын...

Ғибратнама

Бұрын мен өмірді бақылап, адамдарды өзгертуге болады деп ойлайтынмын. Бірақ, уақыт өте келе мен тек өз-өзімді ғана бақылай алатынымды және ағымдағы уақытқа ғана иелік ете алатындығыма көзім жетті. – «Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла толық білуші, хабар алушы». («Лұқман» сүресі, 34 аят)

 

Бұрын мен «жетістік бұл – даңқ, бедел, мүмкіндік деп ойлайтынмын. Содан кейін ғана нағыз жетістік бұл – жан саулығы және жүректің тазалығы екендгін түсіндім. – «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да......» («Шәмс» сүресі, 9 аят)

Бұрын мен адамның ұлылығы, мықтылығы оның қаншалықты басқаларға дегөзгелерге өктемдігінде, тізесін батырып, қиянат келтіретіндігімен өлшенеді деп ойлаған едім. Содан кейін ұлылық – ауыр қиянат келтіруде емес, сенің жасаған жақсылығың мен көмек қолыңды созғаныңа байланысты екенін түсіндім. «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны» (хадис «Табарани»).

Бұрын мен махаббатты  тәуелділік, ащы азап, үлкен бақыт деп ойлайтынмын. Содан кейін махаббат бұл – адалдық, сыйластық және ақжүректік екенін түсіндім. «Сыйластықтан асқан махаббат жоқ» (хадис «имам Ғазали»).

Бұрын мен өзгемен сөзге келген кезде, бірінші болып кешірім сұрағанды ең әлсіз, қорқақ адам деп есептейтінмін. Соңында мен өзімнің әлсіз адам екенімді түсіндім, себебі менің жүрегімде мейірімділік, мейірбандық пен даналыққа орын жоқ еді. Ал бұл қылықтар адамды шынайы адамгершілікке тәрбиелейді. – «Мұсылманның дін бауырымен үш күннен артық араздасуы жайыз емес, ең жақсылары – бірінші болып сәлем бергені» (хадис Бұхари, Муслим)

Бұрын мен егер ата-анамыз қалаған нәрсемізді алып бермесе, олардан талап етіп ренжуім орынды, әділетті деп ойлайтынмын. Сосын ата-анам, қандай болмасын, олар маған баға жетпес байлық – мына жарық дүниені сыйлағанын түсіндім. Тіпті, жарық дүниеге әкелгеннен басқа ешнәрсе бере алмаса да, оларға разы болып артынан дұға етуге міндетті екенімді түсіндім. – «Маған және әке шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ» («Лұқман» сүресі, 14 аят).    

Бұрын мен қай заманда өмір сүретіндігім маңызды, сыртқы келбетімнің орны айрықша деп есептейтінмін. Сосын барып көп нәрсе менің ішкі жан дүниеме байланысты екенін ұқтым. – «Алла сендердің келбеттерің мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды» (Хадис)

Бұрын мен отбасылық бақыт пен жетістікті тек бір қалаған адамыңды табу деп ойлайтынмын. Алайда, өзің сол қалаған адамыңдай болмайынша ешнәрсе өзгермейтінін түсіндім. – «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық» – («Нұр» сүресі, 26 аят)

Бұрын мен бостандықты қалайтынмын, «құл», «бойұсынушылық», «бағыну» сөздеріне жек көрінішпен қарайтынмын. Сосын адам баласы Раббысын таңдауда еркіндікте екенін түсіндім. Раббыңа бой ұсынбауды шайтанға бой ұсыну екенін ұқтым. Бұл таңдаудан ешкім құтылған емес. – «Мен Өзіме және дүниеге деген махаббатты бір жүрекке орнықтырмаймын» (Құдси хадис).   

Бұрын мен әрбір жіберіп алған мүмкіндік ол – адамдардың жасаған үлкен қателіктерінің бірі деп ойлайтынмын. Содан кейін бүкіл мүмкіншілікті қолдану ол үлкен қателік екенін түсіндім. Себебі, олардың кейбірі бізге зиянды. – «Уа, адам баласы! Сенің қылығың, әр кез балға ұшып келіп сонда батып қалған шыбын сияқты, сен де сондайсың»(Құдси хадис)

Бұрын мен жеңіске жету үшін ешнәрсеге қарамастан алдыңа келген кедергіні бұза-жара тек алға жүру керек деп ойлайтынмын. Сосын алға бір қадам жасау үшін кейде екі қадам артқа шегіну керек екендігін және кей кезде сабыр қылып, орайлы сәтті күту керектігін түсіндім.  Жеңістің жолы – тек күш-жігер, мақсатқа бас ұру емес, кей уақытта соғысты жеңу үшін шайқаста жеңіле де білу керек екен. – «Сабыр етпейінше, жеңіс жоқ, жоғалтпайынша – табу жоқ, қиындық болмайынша –  жеңілдік жоқ» (хадис «Тирмизи»)

Бұрын мен сүйіп әрі сүйікті болу үшін адам жақсы болу керек деп ойлайтынмын. Сосын жақсы қарым-қатынас ол бір әдемі, жайлы үй секілді екенін түсіндім.

Бұрын мен балаларды тәрбиелеу керек деп ойлайтынмын. Кейін алдымен өзімді тәрбиелеу керек екендігін түсіндім. – «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» («Сафф» сүресі, 3 аят)

Бұрын мен шынайы мұсылман кемел болуы керек деп кемелділікке ұмтылатынмын. Сосын мен имандының сұлулығы кемелдікте емес, адамгершілікте екенін түсіндім. –«Егер де сендер күнә жасамағандарыңда, Алла сендерді кетіріп  орындарыңа күнә жасап Алладан кешірім тілейтін, сөйтіп, Өзі оларды кешіретін адамдарды әкелетін еді» (Муслим)

Бұрын мен өмір бір рет қана келеді, демек бәрінің дәмін тату керек деп ойлайтынмын. Сосын ойлана келе түсінгенім – иә, расында, өмірге бір рет келесің. Сондықтан да, ондағы бар нәрсенің дәмін емес, тек жарқын, игі, мәңгілік амалдарының дәмін тату керек. – «Ей, менің құлдарым, өздеріңді аяңдар! Шынында, сендердің денелерің әлсіз сапар ұзақ, көтерер жүк ауыр, Сырат көпірі жіңішке» (Құдси хадис).

Бұрын мен адамдардың тек жақсы жақтарын көру – өзін-өзі алдау деп түсінетінмін. Содан кейін адамдардың жақсы жақтарын көрмеу – өзін-өзі алдаудың ең сорақысы екенін түсіндім. Себебі, адам баласы жаратылысынан дүниеге жақсы болып келеді. – «Әрбір туылған нәресте ислам болмысымен туылады» (Муслим)

Бұрын мен егер адам баласы жаман істермен айналысып жүрсе ғана жаман екен деп ойлайтынмын. Содан кейін ғана адам күйзеліске түсіп, қиын жағдайға тап болғанда ғана жамандыққа бой ұратынын түсіндім. Ол кезде адам кінәлап, жазғыруға емес, керісінше жан-дүниесіне үңіліп, мұңына ортақ болып, жанашыр болу керек екеніне көз жеткіздім. –«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» – («Маида» сүресі, 5 аят) 

 

Дайындаған: Ерлан Әлменов

Бөлісу: